А.Бетбаевқа арналған « 100 жаңа есім» жобасы аясында: "Ұлы ақынның өнер жолына шолу"
«Арманы жоқ ақынның ақын жанды жұрты бар ,
Қошаметі кем болса – ән таусылар , жыр тұнар,» - демекші ақындардың мекені болған Сауытбек ауылындағы Алға шағын орталықты орта мектебінде «100 жаңа есім» жобасы аясында А.Бетбаевқа арналған «Ұлы ақынның өнер жолына шолу» атты әдеби - сазды шығармашылық кеш өткізілді. Халық арасынан шыққан , тума талант , ақын , жыршы , әрі термеші жерлесіміз Аяз Бетбаевқа арналған бұл кешке Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, өлкетанушы Мәкен Уақтегі , Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Шу ауданының құрметті азаматы , ақынның шәкірті Базарбай Асқартегі , Алға ауылдық округінің әкімі
Ербол Қосақов , ауыл ақсақалдар кеңесінің төрағасы Нүсіп Сабралиев , тыл еңбеккері К.Карипбаев , ақынның сыныптасы Қажымұқан Пернебаев , ақынға еліктеп өсіп , халық арасында әндерін насихаттап жүрген Бірлік Сауранбаев және ардагер ұстаздар шақырылды.Мектеп оқушылары көрермендерге Аяз ақынның өмір жолы мен өнердегі жолын кеңінен таныстырды.
Аяздың қоңыр үні , мәнерлі мақамы , ашық даусы « Құлақтан кіріп бойды алатын », жанға жайлы , жүрекке жылы тиетін ерекше қасиетін айтпай кету мүмкін емес. Аяздың негізгі сүйемелдеушісі қос ішекті қазақтың киелі қара домбырасы. Аяз тамаша орындаушы ғана емес , әуесқой сазгер , ақын. Көпшілікке таныс, кең тараған «Сағыныш» әнін өзінің орындауында тыңдалды.
Өткен ғасырдың тұлғаларын қозғамағанның өзінде өңірден шыққан Жидебай, Сауытбек, Жақсыбай, Жомарт, Қалмет ақындардың жолын жалғастырушылардың қазіргі күнде арамызда бар екендігікөпшілік көңіліне қуаныш ұялатты. Жомарт ақынның ұрпағынан тараған шөбересі Жомартов Миятхан Доғдырбайұлының орындауындағы Майлықожаның «Атасы жақсы қандайды» термесін тарту етті.Ақынның « Өңірімнің ерлері» , « Мақтан тұтам» , «Шу өңірі» , « Құштар жүрек » өлеңдерін мектеп оқушылары мәнерлеп айтып берді.
Кеш қонақтары « Өнер берген халқыма, өлең мен жұлдыз тағайын, әніммен шырақ жағайын, жырымды ту ғып қадайын» деп алдына мақсат қойған асқақ арманына жеткен ақын туралы естеліктерін айтып берді.Мектебіміздің түлегі І.Бірімқұл «Кенен Әзірбаевтың 90 жылдығына арнау» өлеңін айтып берді.
Ағамыздың жолын қуып жүрген шәкірті, өңірімізге танымал ақын Базарбай Асқартегі ақынның әндерін орындап , көпшілікті қуантты.
Кеш соңында ақын ағамызға зор десаулық тілеп , әсем ән, әсерлі жырларымен егеменді еліне еңбек етіп, абырой асқарына өрлей беруіне тілектер айтылды.




