Арайлы алтын күз сценарийі » Алға шағын орталықты орта мектебі
Қабылдау бөлімі :
+7(72643)5-08-96
Есепші бөлімі:
+7(72643)5-08-96
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » Арайлы алтын күз сценарийі
08
ноябрь
2018

Арайлы алтын күз сценарийі

Арайлы алтын күз мерекесіне арналған «Күзгі бал-2018» сайысы

Мақсаты: Оқушылардың күз мезгілінің ерекшелігі туралы, күзгі молшылық, береке туралы түсініктерін кеңейту. Күзде атқарылатын жұмыстар туралы түсінік беру. Оқушыларды адамгершілікке, әдептілікке, өз халқының салт - дәстүрін біліп жүруге тәрбиелеу. Тіл байлығын, таным белсенділігін арттыру.

Нұрай:
Шөп сарғайып ,
Өңі тайып.
Дала сұры қашады
Бой жаза алмай,
Денең мұздап тоңады
Айтшы Ырыскелді
Бұл қай кезде болады?

Ырыскелді:
Қазан болды молшылық
Дәулет қорын қалады
Заңғар көкке жол сызып,
Құстар қайтып барады
Бұл құбылыс Нұрай
Күзде ғана болады.

Нұрай:
Көк аспаным мөлдіреп,
Шуақты көзім елжіреп
Асыр салып жүретін
Сары көйлегім желбіреп,
Айтшы Ырыскелді
Бұл қай мезгілдің келгені.

Ырыскелді:
Жайдары күз, жарқын күз
Аяулы күз,алтын күз
Дәнге толы кең далам
Дариядай шалқар күз
Нұрай, бұл Алтын күздің келгені.

Нұрай:
Армысыздар Қымбатты мырзалар мен ханымдар!

Ырыскелді:
Қайырлы күн,Ұлағатты ұстаздар, жалынды да жігерлі достарым.
Берекелі де мерекелі Алтын күз мерекелеріңіз құтты болсын!

Нұрай:
Қуандырып біздерді
Мерекелі күз келді
Кел жемісті алтын күз
Кемелденсін халқымыз
Ортаға себет толы жемістері бар Күз келеді. (қол соғып қарсы алу)

Күз:
Сәлем өрен достарым
Өмірге көп қосқаным
Қымбатты сый алыңдар
Молайтыңдар шаттықты
Ән айтыңдар бақытты..

Ырыскелді:
Астық жеміс жиылды
Қамбамызға құйылды
Ардақты күз мың алғыс
Алдық өнім сыйыңды

Хормен: Ардақты күз мың алғыс.

Күз: Мен күзбін, өте еркемін, сәл нәрсеге ренжіп бұртиып, қабағымды түйе қаламын. Кейде болмашыға өкпелеп, көз жасымды аямай төгіп- төгіп жіберемін. Әйтсе де менің жомарттығым мен ақкөңілділігім үшін бәрі де ұнатады.

Нұрай: Иә, біз сізді дархан алтын күз деп байлық, молшылық, дархан алтын күз деп білеміз.Біздің сізге арнаған сыйымыз бар .Ұл-қыздарымыз сізге арнап өз өнерлерін көрсетпек.

Ырыскелді:
Көбейді құт- береке
Астық толы қоймамыз
Құтты болсын мереке
Алтын күзді тойлаймыз.

Күз:
Барлығыңды қимаймын
Барымды мен сыйлаймын
Бір айға бір демім
Өздеріңмен біргемін.

Нұрай: Алтын күз, төрге шығыңыз.
Әділқазылар алқасының қасына отырғызу. Ырыскелді КҮЗДІ қолынан ұстап, әділқазылар алқасының қасына отырғызады.

Ырыскелді: Құрметті халайық бүгінгі өткізгелі отырған байқауымыздың негізгі мақсаты жаңа ғасырдың ұлы көшінде егемендігі еңселене түскен Тәуелсіз Қазақстанда тұрып тәрбиеленіп жатқан жастарымыздың рухын көтеріп, эстетикалық талғамын арттыру арқылы өнерге сезімталдыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа тәрбиелеу болып табылады.

Нұрай: Олай болса, бүгінгі «Арайлы алтын күз мерекесіне арналған «Күзгі бал-2018» сайысымызды ашық деп жариялаймыз.

Ырыскелді:
Ерте, ерте, ертеде, ешкі жүні бөртеде Алға шағын орталықты орта мектебінің АКТ залында хан және ханшайым өмір сүріпті. Олардың жан дегенде жалғыз қыздары болыпты. Хан өзінің жасының ұлғайғанына байланысты Орданы басқаруға ханзада сайламақшы, соған орай өзінің үкімін шығарады.

ХАН: — Ия, жасым болса келіп қалды, менің орнымды басатын, қызыма серік болатын ханзада іздеу керек.

Нұрай: — Ол үшін сайыс ұйымдастырайық, кімде-кім сайыстардан сүрінбей өтсе, сол баланы ХАНЗАДА етіп тағайындайсыз.

ХАН: — Жақсы, ол бір табылған ақыл екен. Онда шақырыңдар ұйымдастырушыларды.

Ырыскелді: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Хан сарайында үкім шықты. Хан өзінің орнына жас ханзада тағайындамақшы. Соған байланысты әр түрлі сайыстар өткізеді. Сайысқа қатысамын деушілердің, күштерін сынап, тапқырлығын байқап, ақылдылығы мен шапшаңдығын салыстырып көрмекші. Келіңіздер, көріңіздер.

Нұрай: Ендеше уақытымызды созбай, мерекелік кешімізді және сайысымызды бастайық.
Біздерде ойын сауық басталады,
Тамаша күй тартылып ән салады.
Қошеметтеп қол соғып отыралық,
Ұмытарсыз күні бойы шаршағанды!!!

Ырыскелді:
Әділқазы , ақ қазыға бір сәлем
Әділдікке бас иеді күллі әлем
Жүйрік озар сайыстарда неше бір
Сарапқа сал, әділдікпен шеше біл,- дей келе бүгінгі сайысымызға қазылық жасайтын әділқазылар алқасымен таныс болыңыздар!


Нұрай: Әділ – қазылар алқасының төрайымы: Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары – Ердалиева Р.У

Ырыскелді: Оқушыларының жан -күйін түсініп, қиын жағдайда көмек беретін психологымыз – Айнакулова Г.Р.

Нұрай: Қолынан өнер тамған сегіз қырлы бір сырлы ұстазымыз- Алимшеева Э.Б.

Ырыскелді: Кешіміздің құрметті қонағы – «Алтын күз»

Нұрай: бағдарламамен таныстырып өтсек:
1-кезең: .«Таныстырсам өзімді».Таныстыру (ханшайым және ханзада)
2-кезең «Ескірмейтін есті сөз» -танымдық сұрақтар (ханшайым және ханзада)
3-кезең:«Өнерің өрге жүзсін» (ханшайым және ханзада өз өнер көрсетеді )
4-кезең:«Сән үлгісі және шаш үлгісі» (күздің көрінісі авангард)
5-кезең:«Көрме» үздік сурет және икебана
6-кезең: «Көңілді аспазшылар». (күзгі салат дайындау)
7-кезең: Музыка ырғағына билеу -би сайысы

Ырыскелді:
Сайысымызды бастамас бұрын, сайыскерлеріміз орындау кезегін таңдап алсын.Сандар жазылған жапырақтарды таңдап алады да, рет-ретімен тұра қалады.

Нұрай:
Құрметті көпшілік көрерменім
Жақсылыққа әрдайым артқан сенім
Ақжол тілеп үкілі үміттерге
Таныстыру шартына кезек бердім.

Ырыскелді:
Ақыл – көрік бойларында жетеді,
Әлі талай сынақтардан өтеді.
Мына отырған баршыңызды өзімен
Тез арада таныстырып өтеді.-
— Ендеше, бірінші шартымыз «Таныстырсам өзімді» үміткерлеріміздің өздерін таныстыруы.

Нұрай:
Қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар. Ортаға 1–ші жұп (2-ші жұп, 3-ші жұп, 4-ші жұп, 5-жұп, 6-ші жұп) жұптарды шақырамыз.
Сөзді әділ қазылар алқасына береміз.

Ырыскелді: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып өзін таныстырған:———————
Екінші болып таныстырған:—————

Нұрай:
Білім аққан сел дейді,
Бірақ оңай келмейді.
Ала білсең білім көп,
Ақыл ойға кел дейді.
Білім-ой мен арымыз,
Рухани ол нәріміз
Сайыскерлер сіздерге
Қол соғамыз бәріміз!
Ырыскелді:
Көзінің оттарын ұғындырып,
Көрсетер көп іздеген мығым қылық.
Келесі бұл сайыстың жоспарында,
Түседі бәсекеге білімділік.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын, — дегендей келесі сайысымыз: «Ескірмейтін есті сөз».

Нұрай:
Бұл сайыста сайыскерлеріміздің білімдерін, ақындылығын тексереміз.
Берілген сөздерден күз мезгілі туралы бір шумақ өлең жолдарын шығару.
Сөз кезекті әділ қазыларға береміз.

Ырыскелді: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып өлең шумақтарын арнаған:———————
Екінші болып өлең шумақтарын арнаған:—————

Нұрай:
Ал кімнің өнері бар қаншалықты,
Би билеп, ал біреуі ән салыпты.
Сұлтандар жарысынан бәйге алуға,
Жігіттер аянбай – ақ жан салыпты,- дей отырып, сайысымыздың :«Өнерің өрге жүзсін» (ханшайым және ханзада өз өнер көрсетеді )
бөлімін бастаймыз.
Өз өнерлерін көрсету.

Ырыскелді: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып өз өнерін көрсеткен:———————
Екінші болып өз өнерін көрсеткен:—————

Нұрай:
Он саусақтан өнер тамған шебер болу керемет,
Өлең айтып, би билеп, жасап жатсаң текемет,
Өнеріңді көрсетші құрбыларым, қанекей,
Жұптарға сөз берелік жеке-жекелеп.

Ырыскелді:
Модельер болу оңай ма?
Қиналып жатсаң мұңайма.
Әр мамандық өзгеше,
Өз мәнінде, шырайда, - деп келесі кезеңіміз: «Сән үлгісі және шаш үлгісі» сайысы. Бұл сайыстың шарттарымен таныстырып өтсек, сайыскерлеріміз күз байлығын көрсету мақсатында үйден түрлі күзгі киімдер дайындап келуі тиіс. Әр жұп дайындаған киімдерін киіп мода көрсетеді. Ал, әділ қазы алқасылары дайындап келген күзгі сән үлгісі және шаш үлгілеріне қойған бағаларын тыңдайық.
Нұрай: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып өз үлгілерін көрсеткен:———————
Екінші болып өз үлгілерін көрсеткен:—————


Келесі кезеңіміз «Көрме» үздік сурет және «Икебана» байқауына көшейік. Бұл сайысымызда қатысушыларымыздың дайындап келген қол өнерлері бағаланады.
Сөзді әділ қазы алқаларына береміз.
Нұрай: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып өз көрмесін көрсеткен:———————
Екінші болып өз көрмесін көрсеткен:—————

Ырыскелді:
Жақсы асын сақтайтын қонақтарға,
Қашан келер, кім келер болжам бар ма?
Ақ дәмін, ақ ниетін жайып салған,
Кім жетер пейілі кең адамдарға!
Ас мәзірін анасының қасында жүріп үйреніп жүретін қыздарымыздың дайындап келген салаттарына кезек береміз.
Шарты: Әр сынып өздерінің дайындаған салаттарын ұсынады.

Нұрай:Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып дайындаған салаттарын ұсынған:———————

Ырыскелді:
Теңіздей тербетіліп көл бетінде,
Бишілер билеп кетті тербетіле.
Аққудай қалықтаған теңіздегі,
Бишілер өнерлерін көрсетуде,- келесі сайысымыз- Би сайысы.
Берілген музыка ырғағына билейсіздер.

Нұрай: Құрметті әділқазылар алқасы, ұпай сандарын көрсетсеңіздер.
Бірінші болып би билеген:———————
Екінші болып би билеген:—————

Ырыскелді:
Осымен, «Күз ханзадасы мен ханшайымы» атты бойына өршіл рухы бар, парасатты қыз жігіттер сайысы мәреге жетті. Қазылар алқасы өз шешімін шығарғанша оқушылардың тамаша әндерін қабыл алыңыздар.
ӘН:-----------------------------------------------------------------------------------------------

Нұрай:
Құрметті өнер сүйер қауым, қадірлі қонақтар, ата-аналар!
Өздеріңізбен бірге қызықтап, өнерлерін тамашалаған ханзадалар сайысы да аяқталды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тірелер болсақ «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, бүгінгі сайысымыздың жеңімпазын анықтау үшін сарапшылар алқасына сөз береміз.
Кімдер жүйрік, өнерпаз білейікші,
Ханзадасы деп Күздің жүрейікші.
Қазыларға тек қана әділдікті,
Ал сайыскерлерімізге сәттілік тілейікші.

Ырыскелді:
Келешекте әрі талай сайыстар бар,
Өнерлерің шыңдалсын қалыспаңдар
Өнерлілер көбейсін күннен –күнге
Өмір күрес әлі талай жарыстырар- дей отырып , «Аяулы күз, Алтын күз» кешіміздің «Күзгі бал -2018 » байқауының нағыз ханзадасы мен ханшайымын жариялау үшін ортаға әділ қазылар алқасын шақырамыз.

ӘДІЛҚАЗЫЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ, МАРАПАТТАУ
Әр номинация бойынша қатысушылар атақтармен марапатталады.
1. Бас жүлде – «Күз ханзадасы мен ханшайымы»
2. «Шебер жұп»
3. «Ақын жұп».
4. «Өнерлі жұп»
5.«Супер аспазшы жұп»
6.« Биші жұп»

Нұрай: Осылай хан қызына Орданы басқаратын ханзаданы іріктеп алып, отыз күн ойын, қырық күн тойын жасап, мұратына жетіпті.
«Жүзден – жүйрік» күшімен,
«Мыңнан – тұлпар» шықты шың
Қыз жігіттің ішінен шыққан ———— мықтысын!
Құттықтайық ал енді
Ханзада болған баланы
Өрге жүзіп өнері,
Тауға өрлесін талабы.
Қуанышты жанары,
Шоқтай болып жанады.

Ырыскелді: (Күзге қарап)
Алтын күз, бізбен бірге болғаныңыз қандай жақсы!

Алтын Күз:
Рахмет, балалар өнерлеріңе
Уақыт өтпес бірліксіз
Бақыт келмес тірліксіз.
Талмай еңбек етіңдер
Қыстан аман өтіңдер!
Жарайды мен енді қайтайын. Келесі жылы келермін.Мені қуандырып қарсы алдыңдар, риза етіп шығарып салыңдар. Қош сау болыңдар, келесі жылы амандықпен кездесейік!

Нұрай: Қош сау болыңыз, Алтын күз!

Ырыскелді:
Тіршілік – арман, бәрімізге де орын бар,
Басады кейде онсыз да қиын жалын бар.
Қуаныш та бар, өкініш те бар жолдарда,
Ұстауым менің, достарым менің
Бәрінде аман болыңдар! Осымен «Арайлы алтын күз» мерекесі атты «Күзгі бал-2018» сайысымызды аяқтаймыз.

Ырыскелді – Нұрай: Құрметті қонақтар, Жеңісті күндерде кездескенше!
МУЗЫКА

Арайлы алтын күз сценарийі
Арайлы алтын күз сценарийі
Арайлы алтын күз сценарийі